Театр тарихы

Қаламыздағы алғашқы дәстүрлі өнер театрының салтанатты түрде ашылуы дәстүрлі өнер өкілдері үшін ғана емес, сол өнерді сүйетін тыңдармандар үшін де елеулі оқиға болды.

2016 жылдың 18-тамыз күні Алматы қаласының 1000 жылдығына, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Алатау» дәстүрлі өнер театры» КМҚК ашылды.  «Алатау» дәстүрлі өнер театры» Б. Момышұлы мен Т. Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан. Алатау ауданында орналасқан дәстүрлі өнер театары көркем ғимаратымен ерекшеленген. 724 орындық концерт залы, қосымша 154 орындық қызыл және 98 орындық көк залы бар.  Озық архи­тектуралық үлгідегі, заманауи техноло­гия­лармен жабдықталған нысан 2014 жылы Алматы қала­сы­ның индустриалды-экономикалық даму бағдарламасы негізінде бой көтерген болатын. Мәдени орталықтың жалпы аумағы 2,034 га құрайды, 3 қабатты ғимараттың алаңы 11515,9  шаршы метр.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры» КМҚК – өмірлік қажеттіліктен дүниеге келген мәдени ошақ.  Дәстүрлі ән- жыр, терме, күй, айтыс, ұлттық кино сияқты бес бағытта қызмет көрсетеді. Театрда дәстүрлі өнерімізді дәріптеу мақсатында түрлі мәдени шаралар атқарылуда. Республикалық жыршы-термешілер байқауы, халықаралық фестивальдер сияқты түрлі концерттік шаралар өткізіліп тұрады.

28-ші бүкіл әлемдік универсиада қарсаңында "Алатау" дәстүрлі өнері театры аумағында "Алатау алабында" атты этно фестиваль өтті. Фестиваль барысында 10 күн бойы дәстүрлі музыка кештері мен студент жастардың айтысы болды. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында заманауи талапқа сай жабдықталған 2 кинозал бар.  Кинозал қонақтары «3D» форматындағы фильмдерді тамашалай алады. Мұнда «Анаға апарар жол», «Алмас қылыш» атты отандық кинофильмдер көрсетіліп, түрлі мультипликациялық топтамалар көрерменге жол тартуда. Кәсіпорын қорында халқымыздың ұлттық қасиеттері мен тәлім-тәрбиесін насихаттайтын көркем және деректі фильмдер, шетелдік жаңа кинофильмдер көрсетіледі.

Мұнда мәдени шаралардан бөлек қайырымдылық кинокөрсетілімдер өткізіліп тұрады. Апта сайын өткізілетін қайырымдылық көрсетілімнің мақсаты - әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға рухани демеу көрсету. Дәстүрлі өнер орталығымыздың дәстүріне айналған мұндай көрсетілімдерге қаламыздағы зейнеткерлер мен еңбек ардагерлері, сондай-ақ, қарттар үйіндегі ата-әжелеріміз де тұрақты көрермендерміздің қатарын толықтырып отыр. Мәдениет пен өнер­дің киелі орталығы осындай игілікті істерін ары қарай да жалғастырмақ.