Арнау сөз

Құрметті пайдаланушылар, біздің сайтымызға қош келдіңіздер!

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының» өз есігін ашқанына жыл жарымдай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында театрымыз ұйымдық және шаруашылық-экономикалық жағынан аяғына тұрды. Бірқатар мәдени-көпшілік шаралар өткізілді, солардың қатарынан Алматыдағы Қысқы Универсиада мен Астанадағы ЭКСПО кезіндегі көрсетілімдерді атап айту жөн. Енді негізгі даму үрдістерін айқындап, соған сай Театр қызметінің біртұтас тұжырымдамасын талдап жасайтын уақыт келіп жетті. Бұл орайдағы жаңа көзқарастың мәні дәстүрлі орындаушылық өнер түрлерін халықаралық көзқарастар, соның ішінде ЮНЕСКО бағдары аясында қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасының маңызды бөлігі ретінде, сондай-ақ Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласын басшылыққа ала отырып сақтау және дамыту міндетін жүзеге асыруға келіп тіреледі. Аталған мақалада жаңғыру ісінде тарихи тәжірибе мен дәстүрге бұрынғыдай шекеден қарамау керектігі, керісінше озық дәстүрді жаңғыруға алып баратын алғышарт, маңызды жағдай ету қадап айтылған болатын. Бұдан дәстүрлі өнерді және оның негізінде жатқан ұлттық біркелкіленудің құнды негіздерін әлгі өнерді агрессивті сыртқы өктемдік жағдайында немқұрайлы сақтау мүмкін емес екендігі туындайды. Әңгіме базалық көмескі үлгілерді қалпына келтіру және оларды ұдайы өсіру туралы ғана емес, сонымен бірге дәстүрлі репродуктивті-ағартушылықты діттейтін тұтас мәдени жүйені қалпына келтіру жөнінде болып отыр. Бұл жерде әдетте клубдық ұғым аясында жататын кәдуілгі концерттік қызмет және шығармашылық кештер өткізу тәрізді мәдени-көпшілік шаралармен қатар театрлық көрсетілімдер, сахналық қойылымдар арқылы дәстүрлі өнердің озық үлгілерін өнер айдынына алып шығатын жарқын көркем бейнелер сомдау айрықша маңызды. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының қызметі концептуалдық тұрғыдан алғанда белсенді ағартушылық арнасында, пәрменді консерватизм рухында, яғни өткенге құрметпен, қазіргі заманға ізетпен қарап, дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыра отырып дамытуға лайық.

Кез келген мәдени мекеме сияқты біздің Театр ең алдымен мәдени мұраға, дәстүрлі өнерге бей-жай қарай алмайтын біртұтас аудиториясымен – көрермендерімен мықты.

Құрметпен, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Жүсіпов Берік Мырзалыұлы