Алатау алабында Санат Исаев

Өтетін күні мен орны: 2018 жылдың 3 қазаны, сағ.: 19.00. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» концерт залы.

Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, дәстүрлі әнші Санат Исаевтың есеп беру концерті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, сондай-ақ Астананың 20 жылдығы, Алматы қаласы күні аясында ұйымдастырылып отыр.

Санат Исаев Қаскелең мәдениет колледжінің және Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының түлегі. Соңғы оқу орнында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиевтен Арқа әншілік дәстүрі бойынша дәріс алған.  Әміре Қашаубаев атындағы VІІІ Республикалық байқаудың лауреаты (2011 ж.). Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты (2012 ж.).

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында үйірме жетекшісі, №175 Жаңа ғасыр мектеп-гимназиясында ұстаз болып еңбек еткен. Бүгінде «Алатау» дәстүрлі өнер театрында» әнші-артист.

Санат Исаевтың орындаушылық мәнері қоңыр әуезді, қазақы нақыштағы ұлттық классикалық шығармаларға бейім. Осыған орай әншінің есеп беру концерті лирикалық поэзия нұсқаларымен, қойылымдық үзінділермен көмкерілмек. Санаттың концерттік репертуары негізінен Біржан Сал, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп қатарлы Арқа өнерпаздарының әндерімен бірге Жетісу дәстүріне тән туындыларды да қамтиды. Сондай-ақ әнші репертуарынан халық әндері де орын алған.

Концерттің бір ерекшелігі – әншінің алғаш рет «Алатау» фольклорлық- этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен ән шырқайтындығы және сахнада артист-әнші ретінде де көрінуі.

Кеш барысында Рамазан Стамғазиев пен Амангелді Күзеубай ән шырқайды.

 

Фотошежіре