Алма Аманжолова

Дәстүрлі әнші

Аманжолова Алма Тұрсынбайқызы –
есімі елге белгілі қазақ сахнасының жұлдызы. Домбырашы, ансамбль және эстрадамен қазақтың кең тынысты әндерін еркін меңгерген күміс көмей әнші. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің « Өнер және мәдениет» факультетінің магистранты. «Алатау » дәстүрлі өнер театрының» әншісі.

1977 жылы 26 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ, республикалық оқушылар арасындағы «Алатау әндері» байқауында 1-ші орын жеңіп алған . Кенен Әзірбаев атындағы жоғарғы сынып оқушылар арасындағы жарыста да бас жүлдеге ие болып, ҚР-ның халық әртісі, композитор А.Қоразбаевтың көзіне түседі. Сол кісінің шәкірті атанып, Қазақстан мен шетелдерді аралайды. Қазақтың қара домбырасымен өнер көрсетіп, Қазақтың үні шетел асып шырқалады.
1994-1998 жылдары Ж. Елебеков атындағы колледжге «халық әні» кафедрасына түседі. ҚР-ның халық әртісі Қ.Байбосыновтан Арқа және Жетісу мектебінің әндерін үйреніп, әнші-домбырашы, ансамбль солисті мамандығы бойынша бітіріп шығады.
1996 жылы А.Қоразбековтың жеке ән кешінде «Қара пима» толғауын орындап, көпшілікке танылады. Жамбыл, Сүйінбай ән-жырын ансамбльмен және эстрадамен орындаған алғашқы әншілердің бірі.
1997 жылы Жамбылдың «Балаларыма» әніне бейнебаян түсіріледі.

1999-2002 жылдары «Көпен келе жатыр» театрында әнші және актриса қызметін атқарады.
2001-2005 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің филология факультетінде білімін шыңдайды. Осы жылдары «Болашақ» мектебінде ұстаздық етеді. Шәкірттері халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
2006-2010 жылдары «Жаңа фильм» студиясында музыкалық редактор қызметін атқарды.
2010- 2012 жылдары «Құлансаз» этно-фольклорлық ансамбльінің әншісі. «Балаларыма» , «Жан ана», «Жайна жұлдызым», «Қара пима» атты жеке ән альбомдары жарық көрген.
2010 жылы Кентау Назарбектің қыз ұзатуға арналған «Ардағым» әніне бейнебаян түсіріліп, көрермендерге ұсынылды.
Алманың орындауындағы Жамбылдың «Угәй-ай», Н.Тілендиевтің « Алатау», А.Қоразбаевтың « Елге сәлем», «Жан ана», Е.Жақыпбектің «Алдай –ау», т.б әндері өнер сүйер қауымға жақсы таныс.