Құдіретті күй күмбірі

Қазаққа ғана тән осы бір қасиетті де құдіретті күй атты  сазды  естіген сайын жаныңды баурап, өзіне ынтықтыра түсетін ерекше сиқырын сезінесіз. Қос шектің үнімен ұлтымыздың мұңы мен шерін, қуанышы мен шаттығын,  тарихы мен тағдырын бүгінгі күнге түгелдей жеткізген күй өнерінің өміршеңдігі мен өзектілігіне қайран қаласыз.  Күй өнер ғана емес, күй – ғасырлар бойғы ғұмырымыздың шежіресі. Қаншама  қилы-қиын  заман өтсе де атадан балаға баға жетпес асыл мұра болып жеткен қазақ күйі ұлтымыздың қанымен де жанымен де бірге жаралғандай. Басқаша болуы мүмкін емес…

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында белгілі күйші Жанғали Жүзбаевтың «Алатау алабында Жанғали Жүзбаев» атты күй кеші өтті. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткен бұл кешті өнер қайраткері «Жігер» фестивалінің, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және халықаралық Түріксойдың «Мұрагер» сыйлығының лауреаты, әнші, жыршы, осы театрдың директоры Берік Жүсіпов жүргізіп отырды. Күй – көне де күрделі өнер. Оны кез келген адам бірден түсіне алмайды. Сондықтан, да кешті жүргізуші Берік Жүсіпов әрбір күйдің авторы мен оның шығу тарихын, негізгі айтар ойы мен мазмұны хақында тыңдаушыларына түсінік беруі орынды болды. Бұл ертеден келе жатқан үрдіс, күйші қолын қос шекке тигізбес бұрын оның тарихынан хабардар етіп отырған екен.
Шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбаев қазақ жерінің төрт бұрышына кеңінен таралған шығармаларды нақышына келтіре орындап жиналған қауымды риза етіп, қайта-қайта қол соққызды. Жеке концертінің жалауын Сүгір күйлерімен бастаған ол Тәттімбеттің «Саржайлау», Ықыластың «Жезкиік», Қыздарбектің «Сылқым қыз», Аққыз Ахметованың «Мұңлы қыз», Төлеген Момбековтің «Салтанат» және өзге қазақ жұртына кеңінен танымал аталмыш өнер өкілдерінің шығармаларын орындады.

Күйші ретінде шеберлігі өз алдына, Жанғали Жүзбаев өнер зертеуші ғалым, киелі күйдің қыр-сырына жастарды баулып жүрген ұлағатты ұстаз. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тыңдармандарының ықыласына бөленіп келе жатқан күйші қазір елордадағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Домбыра» кафедрасында ұстаз болып қызмет етеді. «Қазақтың шертпе күйлері», «Шертпе күйдің төрт мектебі», «Ұстаздың педагогикалық репертуары» сынды бірнеше сүбелі еңбектердің авторы. Арқа, Қаратау күйлерінің тарихын терең зерттеп, үнемі насихаттаумен келеді.
Бір ғажабы, белгілі күйші өзінің ұстаздарына деген ықыласы мен құрметін жасыра алмай, кеш бойында бірнеше рет ауызға алып отырды. Өзі үлгі-өнеге алған Сарыарқа саңлақтары – Мағауия Хамзин, Уәли Бекенов, Дәулетбек Сәдуақасов, Орал Исатаев, Мұхаметжан Тілеуханов, Мейрам Ұлмағамбетов, Алпысбай Тұрсынбековтерді мақтанышпен атады. Қаратаудың қос қыраны – Төлеген Момбеков пен Генерал Асқаров орындаушылық мәнеріне оң ықпал еткенін ерекше сүйіспеншілікпен жеткізді. Күйдің мәдениетін тануына, шертістің қыр-сырын игеруіне белгілі жазушы-драматург, шертпе күй шебері Таласбек Әсемқұловтың әсері мол болған дейді белгілі күйші. Жанғали Жүзбаевтың бұл жүрекжарды пікіріне бір ғана мысал келтірейік.
«1987 жылдың жазы еді. Консерваторияға қызметке енді ғана тұрған кезім. Дәлізбен келе жатып бір топ абитуриентпен ұшырастым. Емтихандарды тапсырып болып енді нәтижелерін тосып отыр екен. Барлығының қолында бір-бір домбыра. Сәлемдесіп шұр­қырап танысып жатырмыз. Біреуінің домбырасын сұрап алып Сүгірдің бір күйін шерттім. Күй шертіліп болғаннан кейін топтың ішінде тұрған, ақсары өңді, талдырмаш бойлы жігіт Тәке, енді домбыраңызды маған бере тұрыңыз, – деді.
Мен Арқа күйіне жетікпін, Сүгір күйін тартқанымда әлдебір кемдігім бар екенін білетінмін. Алдымда жүресінен отырып күй шерткен жігіт менің барлық кемшілігімді жарқыратып ашып тастады. Және онысымен қоймай күйді шертіп болғаннан кейін ащы жымиып бетіме қараған. Дәулескер күйші Жанғали Жүзбаевпен мен осылай танысып едім» деп жазған екен кезінде талантты жазушы, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұловтың өзі. Бұл Жанғали Жүзбаевтың атақты Сүгірдің күйлерін орындаудың асқан шебері екенін көрсететін нақты дәлел, лайықты баға болса керек. Бұдан артық теңеудің, бұдан артық бағаның де қажеті жоқ.

Әнші, биші, ақын, жазушы сияқты әдебиет пен өнер саласындағы белгілі тұлғалардың талантын туған топырағынан дейтін теңеулер жиі айтылатынын білеміз. Ол да рас шығар, айтар дауымыз жоқ. Дегенмен, қанына тартпаған қазақ жоқ екенін де естен шығармайық. Журналистерге берген бір сұқбатында – «Күйшілік әуелі кісіге қанмен бітетін қасиет екенін бала күнімнен аңғарған едім. Мен көрген күйшілерде дарын мен талантты былай қойғанда, тұлға ретінде айшықтайтын ерекше қасиеттері болушы еді. Олар күйге музыкалық туынды емес, тәңірдің аманатындай қарайтын кірпияз жандар болатын. Менің әкем Әлімхан, оның ағасы Сейітхан – екеуі де ел таныған арқалы күйшілер. Кейбір күйді әсерлі шертсем, солар толғаған саздың сарқыты деп білем. Нағашы жұртымнан Алашқа әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы, классик күйші Сүгір Әлиұлы, қобыз бен домбыраны қатар сөйлеткен Жаппас Қаламбаев, аққуға күйін қосқан Генерал Асқаров сияқты өнерпаздар шыққан» – деген екен белгілі күйші. Яғни, күйшілік өнер Жанғали Жүзбаевтың жанында ғана емес, қанында да бар деп айта аламыз.
Ашығын айтсақ, күй өнерінің бүгінгі күні кенжелеп қалғанын көруге болады. Батыстың мән-мағынасы жоқ даңғара музыкасы жастардың санасын баурап қана қоймай, улап барады. Қазақтың ешкімге ұқсамайтын домбыраның қос шегіндей ежелден қатар келе жатқан айтыс және тартыс атты екі өнері бар. Тәуелсіздік алғаннан бері айтыс қайта жанданғанмен, тартыс өнері тұсаулы аттың күйін кешіп келеді. Күйдегі қазақи әуез өз даму шегіне көтерілген кемел, дара табиғаты бар қасиетті ақсүйек өнер. Бұл ата-бабаларымыздан қалған аманат. Ал оны жоғалтып алуға болмайды, ол бүгінгі біздер үшін кешірілмес күнә, ертеңгі ұрпақ алдында да жауап береміз. Атақты күйші Жанғали Жүзбаевты осы жағы қатты алаңдататынын байқадық. Жанғали Жүзбаев секілді шебер орындаушы, оның жүздеген шәкірттері бар кезде бұл өнер өлмейді, өміршең жорығын жалғастыра береді деп сенеміз.
Көк толқында қалықтаған ақ кемедей алыстан ап-пақ болып көзге ілінетін «Алатау» дәстүрлі өнер шаңырағын шаттыққа бөлеген кеш Сүгірдің «Кертолғау» күйімен тәмәмдалды. Сыртқа шыққанымызда түнерген аспан найзағайын ойнатып, күн кіркіреп, нөсер құйып берді. Бұл биылғы алғашқы найзағай болатын. Табиғаттың да күй өнерінің қазақ жеріндегі бүгінгі жағдайына күйіне күркірегені ме екен?.. «Қазақтың қанында бар хас өнерін өгейсітпеңдер! – деп найзағайымен қамшылағаны ма екен?..

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz

Дереккөз: qazaquni.kz

Бөлісу: