Рүстем Қайыртай, айтыскер ақын: ағаш бұтағынан емес, тамырынан шіриді

Айтыстың жылдық қорытындысы болып саналатын «Алтын домбыра»   2019 жылдың желтоқсанында өтті. Талай тарлан тартысқа түскен сайыстың бұл жолғы жеңімпазы  Рүстем Қайыртай болды.  «Алтын домбыра» иегерін әңгімеге тарттық.

– «Алтын домбыраның» буы басылған соң сұхбат беремін депсіз. Көңіл-күйіңізге қарасам, ыстық-суығыңыз әлі де басыл­маған секілді. Жалпы, бұл жеңісті қалай қабылдадыңыз?  Әлде, «мен алам» деген сенімде болдыңыз ба?

– Өнер бәйгесінде нақты сенім болмайды. Біреудің бағы жанғанмен, екіншісінің бабы келісіп тұрады. Жігіттің өзімен талассаң да, бағымен таласпа дейді қазақ. Дегенмен, аты дардай «Алтын домбыраны» алатын кезең бізге де жетті, айтысқа еңбегіміз бен теріміз сіңді-ау деп, жан-жақты сараптама жасап, шамам жеткенше үлкен дайындықпен барғаным рас. Сол төккен терімнің нәтижесіне қарай, жеңісімді әділ деп есептеймін.

–  Алған жүлдеңіздің әңгімесін жұрт қызу талқыға салғанға ұқсайды…

– Сол, біздің жұрт не айтты деп емес, не берді деп сұрайды ғой (күліп). Алғаның мен бергеніңді түгендеп жарысатын заман болды. Шындығына келгенде, біздің еңбекке қанша қомақты қаржы берсең де жарасатын сияқты. Азсынғаным емес, ат бәйгеге шапса, бұдан да жоғары қор қояды. Балуандардың белдесуіне берілетін сыйақыны да халық біледі. Оның жанында біздің төрт миллион деген не… Әри­не, ат мінгізіп, шапан жапса одан асқан бақыт жоқ. Әйтсе де, елдің мұңын айтып, мұқтажын түгендеп жүретін жандарды болмашы дүние­мен алдай алмайсың. Күпірлік қылмаймын. Дегенмен, ақындардың жағдайы жақсы болғаны бәрімізге де жақсы ғой…

– Айтыстың бүгінгі келбеті келісті екені даусыз. Балғынбек Имашев, Мұхтар Ниязов, Серік Қалиев сынды дүлдүлдер тұрғанда, дәстүрдің бұзылмасы анық. Алайда, керуеннің де көшетіні ақиқат. Сара жолды сақтайтын буын өсіп келе ме?

– Бізден кейінгі толқында Қанат Мыр­захан, Данияр Алдаберген, Мейірбек Сұлтан­хан атты інілеріміз бар. Ақындығы мен суырыпсалмалығы қатар дамыған осындай айтыскерлер көштің соңынан ілесіп келе жатыр. Бұл әрине, көрер көзге қуаныш сыйлайды…

– Мұны сұрағаным, бір сұхбатыңызда «жас ақындарға көңілім толмайды» депсіз…

– Үлкен буынның кішіге көңілінің тол­мауы – заңдылық. Көңілім толмайды дегенде, мүлдем болашағы жоқ деген сөз емес. Дегенмен, әлі де болса айтамын. Өсіп келе жатқан жастарымыз ізденсе, көп білім жиса екен деймін.  Ақындар бір сәттік қошемет, жүлде үшін емес, болашақта өз сара жолым қалса екен деп айтысқа шықса деген тілегім бар. Сөз өнері қағазға түскенде адамның көзін қуантып, жүрегін жібітетіндей болуы керек деп есептеймін. Не айтса да майын тамызып, сөлін шығарып, шын ықыласпен жеткізсе екен. Жұртты арандатпай, керісінше бірлік пен берекеге тартса, қоғамда болып жатқан мәселелерге әділ, шынайы көзқарасын айтса. Елді өзінің деңгейіне шығарып, адал еңбегімен халықтың шын ықыласына бөленсе, қалғаны өз ретімен бола жатар.

– «Алтын домбыраға» дайындық ке­зінде Жүрсін Ерман: «Шоу жасауға дайын­далып жатырмыз» деп еді. Расында, дүр­кіреп өткен аламан жарысты халық 8 сағат бойы тапжылмастан тамашалады. Ел аузында жүретін елеулі айтыстың ерекшелігі неде болды?

– Осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан мен Алматыда өтетін «Алтын домбыраның» Батыста жалғасқаны ерекшелік болды. Үш айналым жасадық. Бұл айтыс әлемінде көптен бері ұмытыла бастаған дүние еді. Көп сайыстарды бірінші бөлімнен-ақ аяқтайтын сәттер жиілеп кеткендіктен, біз үшін де талас-тартысты өтті деуге болады. Айтыстың бірін­ші бөлімі түнгі он бірде аяқталды. Шаршаған халықты көрген жоқпыз. Ақындарды сахна­дан жібергілері келмей, ұзақ қол соқты. Әлі де айта түссін, жалғасы болсын деп ел шулап кетті. Барлық ақын үлкен дайындықпен келген. Үнемі елді күлкіге қарық қылып, әзіл айтатын Шалқарбай бауыры­мыздың өзі бұл жолы салмақтырақ, салиқалы айтыс жасады. Біздің жасап жатқа­нымыз – өз биігінде «шоу» болды деп айта аламын. Халық барда, ұлттық өнер өлмейді.

– Айтыс деген суырыпсалма, тапқыр ақындардың сайысы ғой. Қарсыла­сы­ңыз­дың шумағына жауап таба алмай, жауапқа ұйқас құрастыра алмай әбігерге түскен кезіңіз болды ма? Бір сәт өткенге оралып, сайыс сәтіндегі қызықтарды еске түсір­сек…

– Біз спортшы сияқтымыз. Олар үнемі жаттықпаса, артық салмақ жинап, өз қалпын сақтап қалу қиынға соғады. Велосипедте келе жатқан адам қозғалыста болмаса құлайтыны сияқты, айтыс ақындары да ізденісті тоқтатқан күні өз биігінен төмен түседі. Менің осындай бір қателігім Қарағандыда өткен Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған сайыс­та болды. Ақынды толық зерттеп үлгере алмай, ол туралы екі күн ғана жинаған біліміммен айтысқа шықтым. Сөз таба алмай қалмасам да, өзім үшін ұятты жағдай болды. Ол үшін ағалардан кешірім де сұрадым. Іштей енді бұлай жасамасқа сөз беріп, келесі айтыстарға күндіз-түні қызу дайындықпен ғана шығатын болып шештім.

– Осыдан төрт жыл бұрын құрылған «Алатау» дәстүрлі өнер театрындағы шығар­машылық топтың мүшесісіз. Өзі­ңізден бөлек, елімізге танымал тағы 5-6 ақын сол жерден айлық алып, жұмыс істейді. Тәй-тәй басқан театрдың тыныс-тіршілігіне қосып жатқан үлестеріңіз туралы айтсаңыз?

– Сол кездегі Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Жүрсін ағамызды шақы­рып, театр ішінен бөлім ашып берген. Содан бері, өнер ордасында үш жылдың көлемі болды, Серік Қалиев бастаған ақындар қыз­мет етудеміз. Біздің негізгі мақсатымыз – төл өнерді танытуда титтей де болсын үлес қосу. Айтысты халық арасында кеңінен насихаттап жүргеніміз он адамның тоғызына аян. Кем­шілігіміз сол, айтыс деп әр қалада жүреміз. Мұнан соң, түсірілімдер мен дайын­дықтар бар. Бізден бөлек, өз атын қалыптастырып үл­герген дәстүрлі әншілер мен актерлар жұмыс жасайды. Әрине, елдің еркелерін бір арнаға сыйғызу оңай емес. Біздің тараптан кететін қателіктерге басшылық та көз жұма қарайды. Қазіргі директорымыз Дәлел Уәшов те өнердің қара қазанында қайнаған жан ғой. Көп жерлерде түсіністік танытатын қасиетіне ризамыз. «Алатау» аталған саладағы теңдесі жоқ театрдың бірі. Біздің залымыздың көр­кемдігі, архитектуралық сымбаты мен орна­ласқан жері жағынан көптеген театрлардың деңгейінен асып түседі. Айтқым келгені, қадіріңнің бар екенін білу үшін алысқа ұзаудың қажеті жоқ. Жақын­дарың-ақ сенің кім екеніңді айтады. Күні кеше жүлдемен оралғанда иығыма шапан жауып жатса, басшылық тарапы еңбегіңді ескеріп жатыр дегені. Осы жағынан бағы бес елі қызмет­керлердің қатарынанмын.

– Дәстүрлі өнерді дәріптеуде қандай  артық­шылықтар мен кемшіліктерді айтар едіңіз?

– Дәстүрлі өнерге де бір «Жүрсін Ерман» керек. Ол кісі айтыстың ыстығы мен суығына тоңып, бейнеті мен зейнетін көріп келе жатыр. Сол сияқты, елуді еңсерген, төл дүниенің қыр-сырына қанық бір Жүрсін бұл өнерде де жүрсе екен деген ниет бар. Әр облыста дәстүрлі ән кештері жиі өтіп тұрса… Домбыра арқалаған азаматтарымыз авто­буспен емес, арғымақпен жүрсе. Эстрада әншілеріндей, оларға деген құрмет те өссе нұр үстіне нұр болар еді. Дәстүрдің биігі төрде. Оны наси­хаттайтындар есіктен сығаламай, төрден орын тебу керек. Аталған өнер әлі де болса дұрыс үгіттелмей жатыр.Тек осы салада жүрген өнерпаздар ғана емес, бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары демеу болып, ұлттық өнерді өз биігіне шығаруымыз керек.

– Сөзге шеберсіз. Қай тақырыпта әңгі­ме өрбітсек те, ойланып отырмайсыз. Сұ­раққа жауабыңыз дайын. Білімді қайдан жинадыңыз? «Кімнің мектебінің» түле­гісіз?

– Бала күнімнен Шәкәрімді, Абай мен Жамбылды, Мұхтар Әуезовті оқып өстім. Абайдың үш жүз өлеңін жаттадым. Әкем айтыскер. Мені үнемі қасынан тастамай, ертіп жүретін. Біздің үйде том-томдап кітап жиналып, көптеп газет-журналдар алынатын. Асқар таудай болып газет оқып жатқан әкем­нің бұл ісі маған керемет көркем көрінетін. Әдеби шығармалар желісін талдап айтқанын көріп, менің де аңсарым ауды. Бала айтқанды емес, көргенді істейді. Егер айтса, жасамас едім. Мен көрдім соның барлығын. Әлі күнге дейін ақпаратты ғаламтордан емес, газеттен оқимын. Қағаздың иісін, кітаптың арасын­дағы шаңды сезініп отырып оқыған мен үшін сіңімді, жұғымды. Алған білімім үшін бірінші Алла, екінші әкеме алғысым шексіз. Жүрген жерімде мен – әкемнің  өнімімін деп айтып жүрем.

– Айтыста болсын, өнерде, өмірде бол­сын аға буын саналатын азаматтың бірі­сіз. Ел алдына шығып, ақыл айтатын абы­ройыңыз бар. Ұлттың тәрбиешісі санала­тын телеарналардың бүгінгі ахуа­лы туралы көзқарасыңыз?

– Жаман деп айтуға болмайды, телеар­налар қолдарынан келгенше тырмысып, бар дүниені ортаға салып, бірден болмаса да біртіндеп дамып келеді. Ертең өз кезегімде сарапқа салып, жақсы мен жаманды ажырата алуым үшін мен газет оқып, көк жәшікті қараймын. Жасыратыны жоқ, кей бағдарла­маларды ата-анаңмен, балаларыңмен отырып көре алмайсың. Телеарна – нағыз идеоло­гияның көзі һәм тілі. Ұлтты тәрбиелейтін бір­ден-бір құрал. Сондықтан рейтинг қуалайтын бір арналар ұлттың болашағы үшін жұмыс жасап жатқандарын түсінсе екен. Жақсы дейтінім, қазақ тіліндегі жобалардың көбей­гені. Бұл дегеніміз, мемлекеттік тілге сұра­ныс­тың жоғарылығы. Ендеше, өз тілімізге өзіміз құрбандық жасамай, керісінше ұлттық өнердің насихатталуы үшін жұмыс жасалса. Телеарнаны да тірілтетін уақыт келген сияқты.

– Соңғы кезде сізді көп мазалайтын мәселе бар ма?

– Ағаш бұтағынан емес, тамырынан шіриді. Қазіргі ата-аналар балаларына тәрбие бергенсіп, жол ғана көрсетіп отырады. Өздері ақшаның, дүние мен алауыздықтың соңында жүр. Шындығына келгенде, айтқандары өз бойынан табылмаса, бала қайдан тыңдасын. Мен үнемі айтамын, қазақтың қазақ болып қалыптасуы үшін тілдің мәртебесін жоғары қоюымыз керек. Бізде «Мен Қазақ­пын!» деп кеуде соғып, сыртта ұлтым, жұртым деп жүрген азаматтар көп. Солардың үйіне барсаң әйелі мен баласы орысша сөйлесіп отырады. Көшеге шықсам қаракөз қандас­тарымның бөтен тілде шүлдірлегенін көріп, жүрегім езіліп тұрады. Қызымды балабақшаға апарсам, қазақтың бір баласы орыс тілінде сайрап тұр. Қазақша сұраққа жауап бере алмайды. Деңгейіміздің жеткен жері осы ма?! Балаға қазақша сөйлеп, қазақи тәрбие беруге болмай ма?! Егер дәл сол баланың ата-анасы ана тілінде өзара әңгі­мелессе, мұндай болмас еді. Көрдіңіз бе, немқұрайлы­лық өзімізден басталады. Осы менің қабағымды қайыс­тырып, қарнымды аштыратын. Тілсіз жау – өрт пен су дейді. Ұлтқа жаны ашымайтын ездерді мен үшінші дұшпанға қосар едім.

– Сөз соңында елім дегенде етігімен су кешуге даяр азаматтан әдемі тілек есті­сек?

– Денең кірлесе, моншаға барасың. Ал адамның көңілі кірлесе сол жаман. Мұндай жағдайда рухани тазалыққа бет бұруымыз керек. Тазалықты іздесек, ол қазақтың қай­мағы бұзыл­маған ауылында. Менің тілегім сол, ауылды ұмыт­пайықшы.

– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашы­лығыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан – Мөлдір РӘСІЛ,

«Алатау»  дәстүрлі өнер театрының баспасөз қызметі.

Дереккөз: almaty-akshamy.kz

Бөлісу: