Шуақ шашқан шаңырақ

Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Шуақ шашқан шаңырақ» атты мерекелік концерт өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың ел бірлігіне ерекше көңіл бөлетінін жұртшылық жақсы біледі. Оның көп алдында сөйлеген кезде ең жиі ауызға алатыны да береке-бірлікті сақтау мәселесі екені баршаға мәлім.

Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастық. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, бүгінгідей еңселі ел, іргелі мемлекет атандық. «Алатау» дәстүрлі өнер театры да еліміздегі барша халықтың береке-бірлігін паш ететін осындай кештерді үнемі өткізіп келеді.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры, білікті басшы Берік Мырзалыұлы Жүсіповтың ұйымдастыруымен театрдың фольклорлық-этнографиялық ансамбілі мен бишілер тобы жасақталды. Театр сахнасында ұлттық бағыттағы спектакльдер қойылып, әнші-өнерпаздарымен қоса бүгінгі таңда толыққанды дәстүрлі өнер театры ретінде жұмыс жасап отыр.

Концертте «Алатау» дәстүрлі өнер театрының фольклорлық-этнографиялық ансамбілінің сүйемелдеуімен Қазыбек Әдікей, Сәулежан Тақзия, Жасұлан Мұсағалиев, Жәкен Омаров, Шаттық Уатқан, Жанаргүл Сәркенова, Жасұлан Сақаев, Алма Аманжоловалар әндер шырқады.

Ансамбль Орынбай Дүйсеннің «Құлагер», Рүстем Күлшебаевтың «Қолбасшы», «Ғасырлар тоғысы» туындыларымен қоса алыс-жақын шет елдердің ән-күй шығармаларын орындады. Бишілер тобы «Нұрлы бейне», «Дала әуені», «Халық достығы» билерін биледі.

Концертке жиналған халық театрдың уақыт өткен сайын жаңа биіктерге көтеріліп келе жатқанын тілге тиек етіп, жақсы тілектерін арнап, ризашылықтарын жеткізді.

Бөлісу: