«Хат жазамын майданнан...» (Концерт – спектакль)

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының концерт залында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, сондай-ақ 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне арналған Театр өнерпаздарының қатысуымен «ХАТ ЖАЗАМЫН МАЙДАННАН...» атты концерт-спектакль өтті.

Есімдері тарих бетінде алтын әріптермен жазылған қазақтың батыр ұл-қыздары Әлия мен Мәншүк, Баубек Бұлқышев сынды батырларымыздың естелік хаттарынан үзінділер оқылып, майданда ерліктерімен із қалдырған бабалар рухын дәріптеуге арналған көріністерге ұласты.

Майданнан келген әрбір хаттың өзіндік оқиғасы, мұңы бар. Концерт –спектакльдің өн бойы хаттармен өріліп, сұм соғыстың сұрапыл кезеңдерін баяндады. Майданнан келген хаттар жауынгердің қанымен жазылып, аналардың көз жасымен боялды. Отан үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында қайсарлықпен шайқасқан батырлардың туған жерін сағынып жазған хаттары, белі еңбектен бой жазбаған аналар үшін үлкен демеу болды. Соғыс. Алай-дүлей алапат кезеңдер басталып, бірінен соң бірі қаралы қағаз келе бастады. Шаңырағы күйреп, оты сөнген адам баласының тағдырын режиссер Ж. Жұманбай ұтқыр шешімдірімен көрерменге ұсынды. Театр өнерпаздарының орындауындағы Алма Аманжолова, Қазыбек Әдікей, Сәулежан Тақзия, Санат Исаев, Айсәуле Қайырғазина, Жанаргүл Сәркенова, Шаттық Уатқан, Жасұлан Сақаев, Ерғали Ағайдаров «Дариға сол қыз», «Жас Қазақ», «Кестелі орамал», «Қара кемпір», «Ана туралы баллада», «Жойылсын жалғыз сөз «соғыс» деген», «Алғадай», «Әлия», «Бабаларым», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Майдандастар» сияқты майдан даласында жазылған және соғыс қасіретін суреттейтін әндермен түйінделіп отырды. Әншілердің орындауындағы әрбір ән-терме қанды соғыстың тауқыметін суреттеді.

Концерт – спектакль соңы «Егемен Қазақстан» әні хормен айтылып тәмамдалды.

Бөлісу: