«Ұлы дала - көшпенділер әлемі» этнофестивалінде ГИННЕС рекодтар кітабына енген Сергей Цырульников бастаған алыптар тобы өнер көрсетеді

7-8 маусымда Алматы қаласы «Боралдай» сақ қорғандарында өтетін «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» фестивалінде Қазақстанның 7 дүркін, Әлемнің 2 дүркін чемпионы және 2 дүркін Гиннес рекордтар кітабына енген Сергей Цырульниковтың бастауымен алыптар тобы шоу-бағдарлама көрсетеді.

Биылғы жылдың басты ерекшелігі де осы шоу болмақ. Сайдың тасындай алып жігіттер күш сынасу, жалаңаш қолмен шеге қағу, темір майыстыру, кір көтеру сынды таңқаларлық өнерлерін паш етеді. Сондай ақ алапат күш иесі Цырульников көрерменге арналған шеберлік сабақтары мен арнайы жарыс ұйымдастырады.

Бағдарламада: Мажарстаннан келген қонақтар Андраш Бироның бастауымен ат үстіндегі әскери ойындарға қатысып, Бурят шаманы Вэлигто Бадмаев ыстық таспен аластау рәсімін жүргізеді. Башқұртстаннан келген мергендер "Мэргэн уксы" атты жаяу және ат үстінде садақ ату өнерін көрсетеді.

Қырғыз елінен келген «Салбуурун» командасы қыран құстар мен тазы құмайлардың көмегімен аң аулау шеберлігін көрсетеді. Садақшылар, палуандар, әскери-патриоттық би ансамбльдері өз өнерлерін шоу бағдарлама ретінде ұсынатын болады.
Этнофестивальда қала тұрғындары мен қонақтары түрлі концерттерді, жәрмеңкелер мен ұлттық ойындарды көріп, тамашалай алады.

Бөлісу: