«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этно-мәдени фестивалі

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 4 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этно-мәдени фестивалі кешелі бері «Боралдай сақ қорғандары археологиялық паркі» аумағында өтуде.

Фестивальге Мажарстан, Моңғолия, Әзербайжан, Башқұртстан, Тыва, Украина, Дағыстан, Қалмақ Республикасы, Таулы Алтай, Өзбекстан, Якутия, Бурятия, Саха Республикасы, Қырғызстан сынды елдерден келген өнерпаздар қатысуда.

Мұнда көшпелі халықтардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық ойындары мен музыкасы шырқалуда.

Этно-мәдени фестивальді өткізудегі басты мақсат – көшпелі халықтардың көне тарихын жаңғырту, әр халықтың ұлттық ерекшелігін келер ұрпаққа жеткізу. Арнайы жасалған этноауылға келушілер биебау, күбі, саба пісу, қолдиірмен тарту, келі түю сияқты ұлттық кәсіп түрлерімен танысуда. Шараға арналып арнайы киіз үйлер тігіліп, алтыбақанда жастар ойын-сауық құруда. Қазақ күресінен жасөспірімдер арасында сайыс өтіп, қала тұрғындары мен қонақтар жәрмеңкеден қолөнершілер жасаған бұйымдармен танысып, қазақтың алып батырларымен естелікке суретке түсіп жатыр. Сондай-ақ, келушілер ұлттық тағам түрлерінен дәм татуда.

Фестиваль бүгін өз мәресіне жетеді. Қапы қалмаңыздар!

Бөлісу: