1 қазан - Халықаралық қарттар күні құтты болсын!

1 қазан - Халықаралық қарттар күніне орай, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы қарттарға арналған «Қарты бар үйдің қазынасы бар» атты кездесу сағатын өткізді. Қарттарым - асыл қазынам дегендей, ақсақалды, ақжаулықты қарттарымыз бар ел – бақытты. Қарттарымызды қамқорлыққа ала отырып, жан жылуын сыйлау біздің міндетіміз. Себебі, қай кезде де, небір сын сағатта да халқына сүйеу, жұртына қамқор болып, әрдайым батасын беріп бізге демеу бола білді.
Осы мерекеге орай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, дәстүрлі әнші Эльза Карабалина қарттарды мерекемен құттықтап, ән мен термеден шашу шашты.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншілері Айсәуле Қайырғазина және Ғибарт Жұмағұловта мерекелік шараға атсалысып, өнерлерін көрсетті.
Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Мәдениет қайраткері, Еңбек және тыл ардагері Роза Құспанқызы Үкілі Ыбырайдың әні «Гәккуді» орындап, қарттар күнінде осындай құрмет көрсетіп отырған Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының директоры Роза Жүнісқызына ризашылығын білдірді.
Шара соңында, қарттарымыз ақ батасын беріп, дәстүрлі әнмен сусындап көңілдері бір марқайып қалғанын айта кетті. Дәстүрлі әнімізді насихаттау жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.
Қай кезде де халқының тілеуін тілеп, жұртына қамқор болатын қарттарымыз аман болсын!
Бөлісу: