"Алатау" дәстүрлі өнер театрында алқалы жиын өтті

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында алқалы жиын өтті

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында дәстүрлі өнер қайраткерлерінің қатысуымен әнші, күйші, жыраулардың бас қосуы болып өтті. Елімізге танымал Ерлан Төлеутай, Рамазан Стамғазиев, Дүсенбек Өміралиев, Бағылан Бәбіжан, Талғат Мұқышев, Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева, Аманқос Садықов, Ұлжан Байбосынова, Талғат Әбуғазы, Еркін Шүкіман сынды өнер саңылақтары қазірігі дәстүрлі өнердің түйіткілді мәселелерін айтып, келелі ойлары мен ұстанымдарын ортаға салды.

Театр директоры Ринат Зайытов бұл бас қосудың мақсаты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының бағыт-бағдарын айқындап, алда жасалатын жұмыстарды осы саланың майталмандарымен ақылдаса отырып атқаруға арнай жинап отырғанын жеткізді.

Рамазан Стамғазиев: – «Алатау» театрында ұлттық өнердің әр саласында дәстүрлі өнеріміздің жүгін арқалап жүрген азаматтардың бас қосуы өте құптарлық жағдай. Бізде Әміре Қашаубаев, Жәнібек Кәрменов атындағы тағы басқа көптеген байқаулар өтеді. Осы байқаулардың бір қортындысы болатындай өнер ордасы Алматыда, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында дәстүрлі ән байқауларын өткізу керек. Бұл байқаудың шоқтығы биік болғаны дұрыс.

Мұнан бөлек ұлттық аспаптар жасайтын қаншама қол-өнер шеберлері бар. Солардың да осында орталығы болып, көрмелерін өткізу керек. Шет елдік туристерді де осында тартып, ұлттық мәдениетімізді көрсететін, насихаттайтын да осы театр болса.

Ардақ Исатаева: – Дәстүрлі ән өнерінде бұрыннан қалыптасқан бес мектеп бар. Арқа, Жетісу, Сыр, Батыс, Алтай-Тарбағатай сынды мектептердің барлық өкілдері осында жиналып, театр өнерпаздарының құрамында болса.

Ұлжан Байбосынова: – Бұл жерде барлығы болуы керек. Күйшілер, жыраулар мен термешілер деген сияқты. Ұлттық өнер орталығы болсын десек, барлық саланы қамту маңызды.

Еркін Шүкіман: – Театрдың репертуарлық саясатын қалыптастырып, концерттік бағдарламамен облыстарды, аймақтарды араласа, ұлттық өнерімізді насихаттаса.

Дүйсенбек Өмірәлиев: – Дәстүрлі ән өнеріндегі барлық мектептердің әр қайсына арнап жеке-жеке концерттер қойылса. Одан бөлек Жүсіпбек, Манарбек Ержанов сынды тұлғалар қалыптастырған ұстаздық мектептер бар.

Сәуле Жанпейісова: – Дәстүрлі өнер театры болғанымен бұл жерде актерлерден бөлек негізі дәстүрлі әншілер болуы керек. Тіпті қойылым қойылса да осы әншілеріміз ақ алып шыға алады. Өйткені қойылымдар осы ән бағытында болады ғой.

Бағлан Бәбіжан: – Театрда алдағы уақытта жастар көбірек орын алса. Жылда қаншама жас өнерпаздар консерваториядан, өнер академиясынан оқуларын аяқтап қанат қағып жатыр. Оларғадың ортасында өнерлерін ұштап, жол-жоба көрсететін аға буын әнші-өнерпаздар жүргені лайықты.

Ерлан Төлеутай: – Елімізде әр қалада қос-қостан драма театрлар бар. Ал дәстүрлі өнер театры жалғыз. Қанша жыл жүгіріп жүріп осы театрдың ашылуына мұрындық болдық. Енді осы орталық ұлттық өнерге толығымен қызмет жасауы тиіс.

Қазіргі кезде дәстүрлі ән кештеріне көрермен жинау үлкен мәселе болып тұр. Мұны шешетін уақыт келді. Халықты ұлттық өнерге бет бұрғызуымыз үшін нақты механизмдерін қалыптастыруымыз керек.

Тарихымызда жыраулық, әншілік, сал-серілік өнердің көрнекті өкілдерінің мерейтойларына арналған шығармашылық кештер өтіп тұруын қалыптастырсақ. Мысалы биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Жарылғапберлі Жұмабайұлының 170 жылдыңы, Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы, Ақылбай Абайұлының 160 жылдығы. Осылардың барлығы атаусыз қалмауы керек.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың кезінде саяси қуғын-сүргін көрген сол солақай саясаттың құрбандары болған тұлғаларымызды ақтау, дәріптеу тұрғысында берген тапсырмасы бар.

Осы құрбандардың ішінде әнші-күйшілеріміз, өнер адамдары өте көп. Олар ұлттың генетикалық коды ғой. Сол себептен бұларға өте шүйліккен.

Бұл тақырып театрдың бағытына де келіп тұр. Сондықтан сонау Құрманғазыдан бастап, Үкілі Ыбырай, Қапез Байғабылұлы, Мәди Бапиұлы сында қуғын көрген өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын көрсететін кештер мен қойылымдар арнайы жолға қойылып, жұмыстар жасалсын.

Ринат Зайытов: – Бүгінгі біздің шақыртуымызды қабыл алып, ұсыныстарыңыз бен тілектеріңізді айтқандарыңызға үлкен рақмет айтамын. Бәріміздің де мақсатымыз бір, ол ұлттық өнерімізді өз деңгейінде насихаттау, халыққа жеткізе білу. Осы жиында айтылған пікірлеріңізді қорытып, ұсыныстарыңызды театрымыздың жоспарына енгіземіз. Әр екі ай сайын бас қосуымызды өткізіп, қортындысын шығарып тұратын боламыз, - деп бас қосуды қортындылады.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры еліміздегі бірден-бір ұлттық құндылықтарымыз, мыңдаған жылдардан бері келе жатқан  дәстүрлі өнер түрлерін насихаттаушы, сақтаушы әрі халық арасында таратып, болашаққа апарушы театр.

Қазіргі таңда театрымызда дәстүрлі ән орындаушылармен қатар, актерлық құрам, бишілер тобы мен этнографиялық ансамбілі бар.

Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып дәстүрлі орындаушылық үрдіс пен театр өнерін сақтау, дамыту, танымалдылығын арттыру, концерттер мен қойылымдарымызды тамашалайтын аудитория қалыптастыру және олардың санын көбейту, жастарды дәстүрлі өнерге бейімдеу, дәстүрді насихаттау мақсатында орта және жоғары оқу орындарында аудитория қалыптастыру мақсатында кешенді жұмыстар атқарылатын болады.

 

«Алатау» дәстүрлі өнер театры, тарихшы-этнограф-

Ардақ Беркімбай  

 

 

 

Бөлісу: