Наурызды тойлау- елдігіміздің белгісі

Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырып, «Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді» дейтін халқымыздың Наурызды жаңарудың бастауы, сондай-ақ татулық пен ырыcтың арқауы деп бағалайтыны белгілі. Наурызды тойлау – елдігіміздің белгісі.
Алматы қаласы әкімдігінің Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен «Алатау» дәстүрлі өнер театры Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған «Қыдырбектің қызықты күні» атты тележоба (Идея авторы, Театр директоры: Ринат Заитов, Бас режиссер: Жұлдызбек Жұманбай) әзірледі. Мақсаты: Тарихы тереңге бойлаған әз-Наурыздың дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің нышаны әрі Қазақстандағы бүкіл ұлт пен ұлыстың сағына күтетін ортақ мейрамы екенін аңғарту, ұлттық мейрамымыздың ең игі дәстүрлерінің бірі – ағаш егу дәстүрін көрсету, Наурыз көженің түп мағынасында адамдарды достыққа, бірлікке шақыру жатқанын жеткізу және т.б.
Ағаш отырғызу да бір ілім ғой. Маңайындағы барлық нәрсені білгісі келіп тұратын Қыдырбек арқылы өрбіген оқиғада ағаш отырғызу дәстүрінің болашаққа баға жетпес мұра қалдырумен пара-пар екені айтылады. «Бір тал кессең – он тал ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағидағаларға сүйенген ата-бабаларымыздың Наурыз мейрамын, ең алдымен ағаш отырғызудан бастағаны осыдан-ақ көрінеді. Ырымдап, 7 тал егеді. «Ғұрпың – ғұмырың» дейді ғой дана қазақ. Бұл – Наурызда жасалатын ғұрып.
Ақсақал төмендегідей 7 түрлі ырым жасайды:
1) Адамның басты байлығы денсаулық (Денсаулық ағашы – шырша).
2) Әрқашан елімізде бейбітшілік пен тыныштық болсын (Бейбітшілік ағашы – жұпаргүл).
3) Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді. Бірлік болмай – тірлік болмас (Береке-бірлік ағашы – емен).
4) Елімізде қашанда молшылық болсын (Молшылық ағашы – алма).
5) Еліміз өркендей берсін, бай дәстүрлерімен, ынтымағы жарасқан халқымен, ұлағатты тарихымен жасай берсін (Өркендеу ағашы – терек).
6) Халқымыз көбейе берсін. Адамдарымыз неғұрлым көп болса мемлекетіміз соғұрлым күшті болары анық (Көбею (демография) ағашы – қарағай).
7) «Басқаның бейбақтығына қуанба, бақыттылығына қуан», – деген сөз бар. Баршамыз бақытты болайық (Бақыт ағашы – өрік).
Ұрпақтар сабақтастығы – тәуелсіз Қазақстанның іргетасы. Ақсақал сөз соңында «Игі дәстүрді жалғастыру қажет», – деп Қыдырбекке ой салады.
Оқиға барысында күй шертіледі. Қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеліктерінің бірі – өзінің ұлттық музыкасы. Ол – қаймағы бұзылмай жеткен қазақ күйлері. Қазақ халқы домбыраны көне заманнан бері қуанышта да, қайғыда да қолданып келеді. Домбыраның үнімен халқымыздың тарихын, салт-дәстүрлерін, құндылықтарын жеткізген. Домбырада ойнау өнері мен күйлер ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасқан.
Қыдырбектің түсіне апасы кіріп «Наурыз мейрамының басты тағамы – Наурыз көже. Наурыз көже тағамының қазақ салт-дәстүріне енуі тектен-тек емес. Наурыз көженің түп мағынасында адамдарды достыққа және бірлікке шақыру жатыр.
Қазанның төрт құлағына төрт жапырақ май қояды. Кəрі жілік – бабалар дəстүрін жалғайды. Дəн – өсіп-өркендеуіміздің белгісі. Су мен тұз – ұрпақтарымыздың дəм-тұздары жарасып, мəңгі тату-тəтті болуына дəнекер болады. Айран-қатық – айрандай ұюымыздың куəсі болады. Ал қазан құлағына қойып пісірген төрт жапырақ май – төрт түлігіміз сай, бай-бақытты тұрмыс кешуіміздің өмірлік бастамасы болады» деп Наурыздың мән-мағынасы түсіндіріледі.

Оқиға «Бүгін мен біраз нәрсе көрдім, ой түйдім. Осы айда Қыдыр атаның шаңырағымызға келіп құт қондырып, қыдыр дарытатыны рас екен ғой. Наурыздан Наурызға жете берейік!», – деген Қыдырбектің сөзімен аяқталады.

Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа 

кенелтсін!


Қуаныш ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
«Алатау» дәстүрлі өнер театры

Бөлісу: