«Алатау» театрының әншілік құрамында «Ұлытау» тобы

«Ұлытау» тобы – еліміздегі  аспапты этно-рок стиліндегі бірден-бір музыкалық ұжым. Топтың әуендері домбыра, электр гитара және скрипка аспаптары арқылы туындайды. Топтың негізгі мақсаты – халқымыздың киелі қара домбырасы мен халық күйлерін әлем халықтарына таныту. Қыдырәлі Болмановтың бастамасымен құрылған топ не бары бес-алты жылда жоғарғы нәтижелерге қол жеткізді. 2001 жылы Голливудта өткен Бүкіләлемдік музыка орындаушыларының чемпионатында Бас жүлдені жеңіп алған болса, 2004 жылы әлемдік жұлдыздар санатындағы түрік әншісі Тарканның концертінде өнер көрсетті. Ал 2005 жылы топ музыканттары Шешенстан Республикасы мен Ингушетия Республикасының Еңбек сіңірген және халық артистері деген атаққа ие болды.

Қазіргі таңда «Ұлытау» тобы Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншілік құрамын толықтырып отыр. Демек, алдағы уақытта «Ұлытау» тобы «Алатау» театрының талғамы биік көрермендерін тың туындыларымен қуантып, абыройын асқақ етпек.

Бақтиярова Ақбота

Бөлісу: