Орал қаласында Жүрсін Ерманның 70 жылдық мерейтойына арналған «ASSYL DOMBYRA» республикалық айтысының үшінші кезеңі аяқталды

Орал қаласында Жүрсін Ерманның 70 жылдық мерейтойына арналған «ASSYL DOMBYRA» республикалық айтысының үшінші іріктеу  кезеңі аяқталды.

Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізген додада бұл жолы  «Алатау» дәстүрлі өнер театрының басшысы - Ринат Зайытов Рифхатұлы өнер көрсетті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының айтыскер-ақындар құрамының жетекшісі- Жүрсін Молдашұлы Ерманның 70 жылдық мерейтойына арналған «ASSYL DOMBYRA» республикалық айтысының іріктеу кезеңдері бұған дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ұйымдастырылған болатын. Соңғы, үшінші іріктеу кезеңі Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында өтті. Оны Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының қолдауымен аталмыш орталық пен «ASSYLTAS» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Оралда өткен айтысқа 14 ақын қатысты. Қазылар алқасының шешімімен 10 ақын жыл соңында Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат ауылында өтетін финалдық сайыстың жолдама алды. Олар – Бауыржан Ширмединұлы (Батыс Қазақстан облысы), Абзал Мақаш (Қарағанды облысы), Нұрзат Қару (Қызылорда облысы), Еркебұлан Қайназаров (Нұр-Сұлтан қаласы), Қанат Мырзахан (Жамбыл облысы), Ершат Қайболдин (Ақтөбе облысы), Айтбай Жұмағұлов (Қарағанды облысы), Ринат Зайтов (Алматы қаласы), Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы), Тілеген Әділов (Қарағанды облысы).

Қазылар алқасының төрағасы, белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкеновтің айтуынша, айтыс жоғары деңгейде өтті.

«ASSYL DOMBYRA» айтысын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған үлкен бағдарлама деп есептейміз. Ақ Жайықтағы айтысқа Ринат Зайытов сияқты мықты ақындар келді. Батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы да жақсы айтыса білді. Осының ішінен үздік шыққандар финалға жолдама алды. Белгілі меценат, «ASSYLTAS» қоғамдық қорының президенті Дулат Тастекейдің демеушілігімен өтіп жатқан айтыс биыл күзде оның туған жері Ақсуат ауылында қорытындыланады», деді Мереке Құлкенов. Айтысқа қатысушылардың бәріне «ASSYLTAS» қоғамдық қорының атынан алғысхаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

 

Бөлісу: