ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАУШЫ СЕРІЛЕР

Ұмытылмас бабалар даналығы, өшпес мұрамыз, дәстүрлі өнеріміз – ән, күй, жырларымызға қазақ қашанда жүрегінен жарып орын беріп, өте жоғары бағалаған. Сонау жазу сызу жоқ кезден – ақ, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан дәстүрлі өнеріміз, тұла бойыңды шымырлатып, ерекше әсер беретін, іңкәрлік сезім мен сағыныш сазын толғайтын, әрқилы көңіл күйге тола ән күйлеріміз неткен керемет шіркін...


Бүгінде қазағымның дәстүрлі ән қазынасын ұлықтап, төл өнерімізді жалғастырып жүрген жас әншілеріміз де аз емес. Жанды, табиғи дауыста, қазақтың жаны мен бітім болмысынан жаралған дәстүрлі әндерін нақышына келтіріп, жаңаша орындап жүрген «Алатау» дәстүлі өнер театрының дәстүрлі әншілерінен құралған «Алатау серілері» тобы, сайдың серке тасындай іріктелген, дүлдүл әншілер. Серілеріміз: Ғибрат Қорғанбек атақты Сәрсенбай жыраудың бел баласы Алшынбек Сәрсенбайұлы, Майра Сарсенбаева сынды жыршылардың шәкірті, Рауан Ексілов болса, дәстүрлі әнші Тілеулес Құрмағалиев ағамыздың шәкірті, Жасұлан Мұсағалиев болса Тоқтар Серіков, Шолпан Даржанова, Ерлан Рысқали сынды ел мақтаныштарынан тәлім алған. Азат Дулатұлы дәстүрлі әнші Еркін Шүкіманов ағамыздың шәкірті, Алтыбаев Қуаныштың ұстаздары дәстүрлі әнші Нұржан Жанпейісов пен Рамазан Стамғазиев, Жасұлан Сақаевта Қазақстан Республикасының xалық әртісі Рамазан Стамғазиевтың шәкірті. Жігіттеріміз дәстүрлі әннің бес мектебін түгел қамтиды. Атақты өнер майталмандарынан тәлім алған серілеріміз, ән айтып қана қоймай, домбыра күмбірін баян мен асатаяқ, дабыл аспаптарымен әсерлей жіті игеріп, сахнада билеп те, небір рөлдерді сомдап та жүрген сегіз қырлы бір сырлы жігіттер. «Алатау серілері» ән салғанда, бойыңды бір керемет сезім билеп, жан дүниең тебіреніп, тұла бойың шымырлап басқа бір тылсым дүниеге енгендей әсерде боласың. «Молдабайдың әні» «Алаш Ұраны», «Ақ сиса» әндері төл өнерімізді паш еткен туындылар. 90 -жылдардың хиті болған «Боз жорға» әнін де жаңаша, нақышына келтіре орындап жүр.

Табиғат аясындағы ұжымның тимбилдингінде жігіттеріміздің өнерден де басқа қырлары өте көп екеніне және қандай ойын, қандай шара болса да, тасқа таңба басқандай орындайтындарына талай мәрте көз жетіздік. Серілеріміздің қай қайсысын алсақ та небір сайыстардың жеңімпазы атанып, жүлделі орындарға ие болып келе жатқан, жанып тұрған талантты жастар. «Алатау серілерінің» қазақ дәстүрлі өнерімен қатар әлемдік мәдениетке де қосар үлесі зор екені сөзсіз. Тіл көзден аман болып, әлі де алар асуларың көп болғай!

Дамыту бөлімінің маманы
Разида Тоқтабекқызы

Бөлісу: