Театр әлеміндегі тылсым жаңалық!

Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән мен күйі» кітаптарында Мұхитты «қазақтың Баяны» деп атағаны белгілі. Шандоз ән шебері, ақын, халық композиторы, күйші-домбырашы Мұхит Мерәліұлы Орынбор, Қостанай, Жаманқала, Қазалы, Троицк, Ақтөбе, Арал, Атырауды аралап, жәрмеңкелерге қатысып, абыройы артып, Әнші Мұхит, Сал Мұхит атанды. Мұхиттың терең психологиялық иірімге құрылған, тыңдаушыларын эстетикалық-эмоционалдық көңіл-күйде қалдыратын, адамның сай-сүйегін сырқырататын, бояуы өте күшті әндерін, атап айтқанда «Айнамкөз», «Үлкен Айдай», «Кiшi Айдай», «Зәуреш», «Паңкөйлек», «Дүние», «Ақ Иiс»-тері – музыка мәдениеті тарихының классикалық үлгілерінің баға жетпес қазынасы деуге әбден болады.

Мұхит Мерәліұлының туындыларын нотаға түсіріп, шығармашылығы туралы алғаш пікір айтқан – музыка зерттеушісі Затаевич. Ол өз жинақтарында Мұхиттың әні деп 22 үлгіні, Мұхит әнінің нұсқасы ретінде 3 үлгіні берді. Бөдан бөлек, Құрманғалиев, Ерзаковичтер біраз жұмыс істеген. Өз алдына орындаушылық стильге жатқызған әйел әншілер Ибрагимова мен Әбілевалар да бар.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының Көркемдік жетекшісі Жұлдызбек Жұманбай сахналайтын драмалық туындыда Мұхит Мерәліұлының өмір жолы баяндалады, сондай-ақ сол замандағы әділетсіздік бүгінгі күннің шындығымен астасып жататынын айта кеткен жөн. Театр директоры –
Ринат Рифхатұлы Заитов.

Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп Құтпанұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Қапез Байғабылұлы, Сұлубай, Аманғалилардың саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын тарихтан білеміз. Ал Мұхит қуғын-сүргіннен, шүкір, аман қалды. «Тіл жеткізбесті ән жеткізері де бар», – дейді ғой Ғабит Мүсірепов. Айналасындағылардың қайғысы мен мұңына, шаттығы мен қуанышына ортақтасу, тіпті біреудің басындағы бақытсыздығын өз басының бақытсыздығындай көріп, қайғы жеуі Мұхит әндерінің басты ерекшелігі.


Мұны Мұхиттың «Паң-көйлегіннен» аңғаруға болады.

Кім білер, кімдер болар мейірім қанар,
Рухым сөнген менің қайта жанар.
Еңіреп Мұхит бабам өтіпті-ау деп,
Кейінгі ұрпақтарым есіне алар...

Шығармада Мұхит былай дейді:

Бүгінгі Күн – Кімдікі?!
«Пара-Құдай» – «Пұлдікі»!
Сыбайласқан – О Бастан,
«Ымы-Жымы» – Бірдікі!
Арамза ауыз-жаласқан,
Ар-Иманнан – «Құрдікі»!

Бүгінгі Күн – Кімдікі?!
Сұмырайдікі! Сұмдікі!
Ала-Өкпесі қабынған,
«Жансыз» – Метін-Сірдікі!

Бүгінгі Күн – Кімдікі?!
Обыр – «Оқпан-Індікі»!
Аш-Биті – «Ояқ-Бұяқтың»,
Ниеті – Нәжіс... «Кірдікі»!
...Пәк-Болмысын – Ұяттың,
Басқан – Бұйра-Жүндікі...

Бүгінгі Күн – Кімдікі?!
Кердең-Кежір-Кердікі!
Бөтен, Бөгде – «Елдікі» –
Келіп-Кеткен-Дердікі...

Ой, Оңбай тұр! Оңбай тұр:
«Мазақтікі» – болып тұр,
Қазақтікі – болмай тұр...

Сонымен қатар Ерінбеген − етікші, Ұялмаған − әнші, бүгінде. Шетінен!, үйді, күйді, Төренің әнін сатамын дейтін жерлері, «Қоғамы, түбіне жеткен де!», – деп түйінделетіні, соқыр молданың Йасинді басын бастап, ортасын тастап, аяғын ежіктеп, өтірік оқуы, дінімізге, ділімізге, тілімізге абай болайық деген сөздердің айтылуы қазіргі қоғам үшін де өте өзекті деп ойлаймын.

Қазіргі таңда ұлттық рухқа рең беретін қазақы құндылықтарды дәріптеп, төл өнерді төрге шығаруды негізге алған «Алатау» дәстүрлі өнер театры – өзінің бағыты бойынша Қазақстанда, тіпті Әлемде баламасы жоқ бірегей театр.
Ресми түрде «Ұлттық» статусы болмаса да, Ұлттық театрымыз деуге толық негіз бар.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының репертуарлық бағыты, қойылымдарының өзіндік формалары басқа театрлардан өзгеше екенін сахналанатын Иран-Ғайыптың «Ән-Мұхит» драмасынан-ақ көруге болады. «Ән-Мұхит» − Қазақстандағы тұңғыш дәстүрлі-музыкалық драма.

«Ән-Мұхит» драмасын «Алатау» дәстүрлі өнер театрында тамашалауға шақырамыз. Толық ақпаратты Театрдың ресми Instagram парақшасы – alatau.theater-ден таныса аласыздар. Қапы қалмаңыздар!

Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы,
«Алатау» дәстүрлі өнер театры
Әдебиет бөлімінің басшысы

Бөлісу: