Алма Аманжолова

Дәстүрлі әнші

Аманжолова Алма Тұрсынбайқызы 1977 жылы 26 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. 1994 жылы А. Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясын  бітірген.

Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ, республикалық оқушылар арасындағы «Алатау әндері» байқауында 1-ші орынды жеңіп алды.

1989 жылы Кенен Әзірбаев атындағы жоғарғы сынып оқушылар арасындағы жарыста бас жүлдеге ие болып, жарыс кезінде өзінің болашақ ұстазы әнші, композитор Алтынбек Қоразбаевтың назарына ілігеді. Өнердің қыр-сырына баулыған ұстазы А. Қоразбаевпен бірге Қазақстан мен шетелдерде гастрольдік сапарларға шығып, қазақтың домбырасымен өнер көрсетіп, ән шырқайды.
1994–1998 жылдары Ж. Елебеков атындағы колледждің «Халық әні» кафедрасына түсіп, ҚР-ның халық әртісі Қ. Байбосыновтан Арқа және Жетісу мектебін «Әнші-домбырашы, ансамбль солисті» мамандығын игерді.
1996 жылы А. Қоразбаевтың жеке ән кешінде «Қара пима» толғауын орындап, көпшілікке танылды. Алма Аманжолова Жамбыл, Сүйінбай ән-жырын ансамбльмен және эстрадамен орындаған алғашқы әншілердің бірі.
1997 жылы Жамбылдың «Балаларыма» әніне бейнебаян түсірді. 1999–2002 жылдары «Көпен келе жатыр» театрында әнші және актриса қызметін атқарды.
2001–2005 жылдары Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университетінің «Филология» факультетінде білім алды. Осы жылдары «Болашақ» мектебінде ұстаздық етеді. Шәкірттері халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленеді.
2006–2010 жылдары «Жаңа фильм» студиясында музыкалық редактор қызметін атқарды.
2010–2012 жылдары «Құлан саз» этно-фольклорлық ансамблінің әншісі. «Балаларыма», «Жан ана», «Жайна жұлдызым», «Қара пима» атты жеке ән альбомдары жарық көрді.
2010 жылы Кентау Назарбектің қыз ұзатуға арналған «Ардағым» әніне бейнебаян түсіріп, көрермендерге ұсынды.
Алманың орындауындағы Жамбылдың «Угәй-ай», Н. Тілендиевтің «Алатау», А. Қоразбаевтың «Елге сәлем», «Жан ана», Е. Жақыпбектің «Алдай-ау», т.б. әндері өнер сүйер қауымға жақсы таныс.
Домбырашы, ансамбль және эстрадамен қазақтың кең тынысты әндерін еркін меңгерген күміс көмей әншінің репертуарында 100-ге жуық ән мен термелер бар.

2017 жылдан бастап Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университетінің «Өнер және мәдениет» факультетінің магистранты.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының» әнші-әртісі.

2017 жылғы 26 қыркүйекте әншінің «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» концерт залында  «Сәулемді елге түсірсем» атты жеке шығармашылық кеші өтті.