Қазыбек Әдікей

Әнші, қылқобызшы

Қазыбек Әдікей Нығыметбекұлы – қылқобызшы, Арқа мектебінің өкілі, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» әншісі.

1978 жылы 19 желтоқсанда Қарағанды облысы аумағындағы Балқантаудың Абай ауылында, Қаз дауысты Қазыбекті, шертпе күйдің шебері Тәттімбетті, өршіл Мәди Бәпиұлы, Арқадан ән оздырған Жүсіпбек Елебековті құндақтаған киелі топырақта дүниеге келді.

Мектеп табалдырығында жүрген кезден-ақ, әуезді үнімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, аймағының жезтаңдай әншісі атанды.

1995–1999  жылдары Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің «Қылқобыз» класында білім алды.

Өнердегі алғашқы ұстазы – Жұмабеков Жанқаш Ықыласұлынан қылқобыздың қыр-сырын үйреніп, көптеген байқауларда жүлделі орындарға ие болды.

1998 жылы Алматыда өткен жас орындаушылар байқауында марапатталып, Астанада өткен «Шабыт» байқауының «Дәстүрлі ән және қылқобызда күй тарту» номинациясы бойынша дипломанты. Осы жылы Алматы қаласында өткен жас орындаушылар арасындағы қылқобыздан өткен байқаудың жүлдегері.

1999–2003 жылдары Алматыдағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясы «Халық әні» кафедрасының «Дәстүрлі ән» класына оқуға түсіп, бүгінде өнердегі  ұстазы –  Бекболат Тлеуханнан дәріс алды.

Еңбек жолын 2003 жылы Алматыдағы Казахконцерт бірлестігінде жеке әнші болып бастады.

Қазыбек Әдікей халық фольклорын насихаттап, дәстүрді дәріптеу жолында еңбек етіп келеді. Содан бері осы бағытта халық әндері «Гүлдариға», «Ағажай Алтай», «Шилі өзен» т.б. шығармалар ел ішінде кеңінен етек алған.

2004 – 2012 жылдар аралығында  Эстрада бағытына бет бұрып, әсіресе жастар арасында үлкен қошеметке ие болған «Тарлан» тобын құрып, «Іңкәрім-ай», «Арман қыз», «Ауылым-әнім», «Армандастар» әндерімен көпшіліктің қошеметіне ие болды. Аталмыш әндердің кейбіріне бейнебаяндар түсірген.

2005 жылы Таразда өткен Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа дауысым» атты байқауының «Дәстүрлі ән» номинациясының бірінші орын иегері.

2005–2008 жылдар аралығы Сеул, Париж, Қытай, Амстердам, Грекия, Түркия елдерінде дәстүрлі қобызбен ән айту жанрының өнерпазы.

2010–2012  жылдары Алматыдағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің «Өнертану»  бөлімінің «Этно-фольклор» тобының жетекшісі қызметін атқарды.

2012 жылы Алматыдағы «Мәдениет» телеарнасында музыкалық редактор болып қызмет істеді.

2017 жылдан бастап Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» әншісі болып еңбек етуде.