Жәкен Омаров

Айтыскер ақын, термеші

Омаров Жәкен Қазыбекұлы – белгілі айтыскер ақын, сазгер, термеші, философия ғылымдарының кандидаты, Оңтүстік-Батыс дәстүрлі терме мектебінің өкілі, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» өнерпазы.

Жәкен 1974 жылдың 19 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Арыс ауданына қарасты Қожатоғай ауылында дүниеге келген. Ол он төрт жасынан дүбірлі додаларға қатысып, өзінің айтыскерлік қырымен елге жастай танылды. Өзінің «Рухани әкем» деп білетін өнердегі ұстазы – Қаныбек Сарыбаев бала ақынның қасиетін ерте байқап, хас өнердің қыр-сырына барын сала баулиды. Қатарынан озып туған жас талант айтыс өнерінде бірнеше дүркін республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері атанды.

1990–1995 жылдар аралығында Шымкент қаласы Әл-Фараби атындағы Мәдениет институты «Бұқаралық мәдени іс-шараларды ұйымдастырушы» мамандығын игерген Жәкеннің студент кезінен бастап «Қожатоғайым», «Өзіңді аңсап», «Біздің елдің жігіттері», «Жамалым» секілді әндері ел ішінде  үлкен танымалдылыққа ие болды.

1996–1997 жылдары Түркияның Стамбул қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Білім және парасат қорында Құран курсынан дәріс алған Ж.Омаровтың шығармашылығында тың арна – иллиһи жанрында жазылған дүниелер кеңінен тарала бастайды. Осы жанрдағы «Зікір-Уллаһ», «Нұр-Уллаһ», «Хикмет-Уллаһ», «Аманат», «Қазақия» сынды туындылары бүгінде үлкен сұранысқа ие.

Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің белді өкілі Майлықожа Сұлтанқожаұлының ұрпағы – Жәкен Омаровтың Оңтүстік өңірінің өзіне ғана тән термешілік дәстүрінің нақ мұрагері атануы заңдылық. Осы өнерді ес білгеннен  Майлы ақынның немерелері – аймағына аты мәшһүр болған Арын қожа, Әзім, Айтқожа, Тұрсынғали, Орынхандай мираскерлерінен бойына сіңіріп өскен Жәкен атақты майлықожатанушы ғалым Әсілхан Оспановтың ерекше ықыласына бөленіп, батасын алады. Ол орындаған «Ата-ананың қадірі», «Жақсы бір адам қартайса», «Уәдең елге жақпас бекер келсе», «Құдіретін көрсең құдайдың» сынды термелер, олардың жүйеге түскен мәтіні, шиырланған мақамдары, орындау мәнерлері Жәкеннің үлкен ізденіс, маңдай тер, қажырлы еңбегінің арқасында жалпыхалықтық шығармашылық айналымға,  қала берді ғылыми айналымға да араласып үлгереді. Майлықожа шығармаларынан өзге Ж. Омаровтың орындауындағы Оңтүстік өңірі термешілік дәстүрінің ірі өкілдері Нартай Бекежановтың «Өздерің білер Нартаймын», Қайыпназар Айтпеновтің «Ал, бір мақал айтайын» термелері Оңтүстік батыс дәстүрлі өнер мектебінің қалыпқа түскен үлгісіне айналып отыр. Сахнада аз орындалып, мәдени айналымда сирек көрініс тапқан Оңтүстік терме дәстүрін меңгеруде Жәкен Омаров осы мектептің жеткізушілері – Көпбай Омаров, Тұрсынәлі Айнабеков, Қарсыбай Ақтаев, Ораз Бекахметов сынды алдыңғы буын ақтангерлерін өзіне ұстаз тұтатынын мақтанышпен айтады.

2002 жылы Ж. Омаровтың өзінің «Зікір-Улла» атты жеке альбомы жарыққа шықты.