Мемлекет басшысы жолдауы

Орта Азиядағы тұңғыш та, дара «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» директоры, дәстүрлі өнерімізді дәріптеуші, айтыскер ақын Ринат Заитов және театрдың Бас режиссеры Жұлдызбек Жұманбай театр ұжымымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 –ші Қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдаған жолдауын қызу талқылады.
Еліміздің мүлде жаңа дәуірге қадам басқандығын айта келе, Мемлекет басшысы барлық салаға арнайы тоқталған. Соның ішінде бір көңіл қуантарлығы, неше жылдан бері алғаш рет мәдениет саласына терең тоқталып, тәптіштеп, жіктеп айтқаны: «Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі.   Бұл орайда Қазақстанның мүмкіндіктері зор, соның ішінде өзін халықаралық аренада тиімді таныта алады.Жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Сөйте тұра, олар елеусіз қалып, меценаттардың көмегімен ғана күн көреді. Шын мәнінде, Қазақстан мәдениеті сол жас дарындардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүрген жоқ па?!  Сондықтан Үкімет сарапшылармен бірлесіп, жыл соңына дейін  жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуға тиіс. Креативті индустрияны қолдау қорын құру мүмкіндігін қарастырған жөн. Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айрылмауымыз керек. Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды. Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады.Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру. Отаншылдық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершілік сияқты қасиеттер дәріптелуі керек. Сондықтан, зиялы қауымды ел болашағына әсер ететін әрбір мәселеден шет қалмауға шақырамын. Біз бірге болсақ қана, теңдессіз елдік бірегейлігімізді нығайта аламыз. Мемлекетіміздің болашағы үшін біз ішкі тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлігімізді сақтап, нығайтуға міндеттіміз. Біздің жақын арадағы негізгі басымдықтарымыз – осындай.
Қазақстанның басты байлығы – Еліміздің азаматтары. Сіздердің амандықтарыңыз – менің Президент қызметіндегі ең басты  мақсатым әрі тілегім. Сондықтан, менің келесі  бастамаларым, ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналады. Біз қолға алған игі бастаманың бәрін соңына дейін жеткіземіз. Кез-келген кедергіні еңсеріп, қиындықты жеңуге дайынбыз. Мен Мемлекет басшысы ретінде халық үшін барлық күш-жігерімді жұмсай беремін. Мемлекеттік қызметкерлер және бүкіл қоғам біртұтас ел ретінде алдымызда тұрған міндеттерді орындау үшін жұмылуға тиіс. Әйтпесе, ертең кеш қалуымыз мүмкін. Себебі дүние жүзіндегі ахуал құбылмалы  әрі түрлі сын-қатерлерге толы.  Қазір біз ел дамуының шешуші кезеңіне қадам бастық.  Мемлекеттік аппарат біртұтас құрылым ретінде жұмыс істеуге міндетті. Солай болған жағдайда ғана біз көздеген мақсаттарымызға қол жеткіземіз. Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде, ұйымдасқан ұтады. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған. Біздің күш-қуатымыз – берекелі бірлікте! Ендеше, бірлігімізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік! Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай  түсуіміз қажет.» Ұжым қызметкерлері жалпы мәдениет саласына терең тоқталған, қарапайым тілмен, түсінікті айтылған жолдау үшін Мемлекет басшысына ризалықтарын білдіріп, тарқасты.

«Дамыту»бөлімінің редакторы
Сарсенбаева Разида Тоқтарбекқызы

Поделиться: