Бір-бірін шын жүректен түсінетін

16 қазанда «Алатау» дәстүрлі өнер театрына қарасты Қазақ саңыраулар қоғамының мәдени шараларды өткізетін ғимаратында «Қазақстандағы мүгедектер күні» мерекесі аталып өтті.

БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының ұсынысына орай 1993 жылдың 15 шілдесінде ҚР Тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен қазан айының екінші жексенбісі «Қазақстандағы мүгедектер күні» мерекесі болып бекітілген болатын. Сол уақыттан бері осы мереке тұрақты түрде аталып өтіліп келеді.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың еліміздегі көптеген салаларда өздерінің қажыр-қайраты мен жанкешті еңбектерінің арқасында жетістіктерге жетіп жүр. Олардың осындай үлгісі қоғамдағы барлық азаматтарға жігер береді. Дегенмен мүгедек адамдарға қашан да үкімет тарапына, жергілікті басқарушы органдардан заңмен бекітіліп міндеттелген қамқорлық керек. Әсіресе рухани жағынан демеу болу осындай жандар үшін ауадай қажет.

Мерекеге орай қоғам мүшелерінің ұйымдастыруымен қаламызда тұрып жатқан мүгедек жандар арасында тебіреніске толы кездесу мен концерттік бағдарлама көрсетілді. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Дәлел Зейнешұлы Уашев жиналғандарды мерекемен құттықтап, мәдениет басқармасы тарапынан театрға қарасты Қазақ саңыраулар қоғамына, басқа да ұйымдарға ерекше көңіл бөлініп, түйінді мәселелері шешімін табатындығын жеткізді.

Қазақ саңыраулар қоғамының төрағасы Нина Александровна Жуковская қоғам мүшелерінің ұйымшылдығы мен атқарып жатқан қызметтеріне алғысын білдірді. Осы өтіп жатқан мерекелік концертті де қойып отырғандар мүмкіндігі шектеулі жандар.

Ән айтылып, би де биленді, көңіл көтеретін әзіл көріністер мен жан тебірентер поэзия да оқылды. Осының бәрін ыммен түсініп, мерекелік көңіл күйге бөленген жандардың өмірге деген құштарлығына қызыға қарайсың. Бір-бірін ыммен ғана емес, шын жүрекпен түсіне білетін жандар расында да бақытты!

Бөлісу: